25 сәуірде Esil University-де «Ақпараттық қауіпсіздіктің күрделі қатерлерін зерттеу және талдаудың жүйелік тәсілі» тақырыбында қонақ дәрісі өтті. Ұйымдастырушылар болып Қолданбалы ғылымдар факультетінің деканы, PhD, доцент А.А. Мұхамеджанова басшылығымен «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» және «Ақпараттық жүйелер мен технологиялар» кафедралары болды.
Іс-шараның спикері «Seven Hills of Kazakhstan» ЖШС қауіп-қатерлерді зерттеу бағытының жетекшісі Олег Викторович Биль болды. Ақпараттық қауіпсіздік саласында 20 жылдық тәжірибесі бар, оның ішінде мемлекеттік құрылымда сегіз жыл жұмыс жасаған маман зиянды кодты зерттеу зертханасының негізін қалаушы болып табылады. Ол компьютерлік криминалистика, threat hunting және инциденттерге ден қою саласындағы мамандар командасын дайындады.
Олег Биль PHDays, Security Analyst Summit, FIRST Conference және Virus Bulletin сияқты халықаралық және қазақстандық конференцияларда тәжірибесін белсенді бөліседі. Ол зиянды кодты талдау бойынша мамандандырылған курстардың авторы және GREM (GIAC Reverse Engineering Malware) атты беделді халықаралық сертификаттың иегері.
Дәріс қолданбалы ғылымдар факультетінің бірінші курс студенттеріне арналды, олар мынадай білім беру бағдарламалары бойынша оқиды: «Экономикалық қауіпсіздікті құқықтық қамтамасыз ету», «Ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық технологиялар және деректерді қорғау», «Есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету».
Кездесу барысында ақпараттық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері, деректерді қорғау және киберқауіптермен жұмыс жасау талқыланды. Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар одан әрі ынтымақтастыққа, оның ішінде түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу мәселелерінде де мүдделілігін білдірді.