Астанадағы Esil University-де жастарға арналған жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны Астананың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, «Астана жастары» жастар ресурс орталығы және қалалық еңбек ұтқырлығы орталығы қолдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz астана қалалық әкіматіне сілтемемен.
Жәрмеңкеге қалының 50 жұмыс берушісі, жұмыс іздеген 800-ден астам азамат, жоғары оқу орындарының түлектері мен астана жастары қатысты.
Жұмыс берушілер қатарында қалалық мекемелер, «ҰК «ҚТЖ» АҚ», «Қазпошта» және екінші деңгейлі банктер бар. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз компанияларындағы бос орындарды таныстырды, өздеріне сәйкес үміткерлердің базасын қалыптастыру мүмкіндігіне ие болды. Іздеушілер компаниялардың HR-менеджерлерімен тікелей сөйлесіп, сұхбаттан өтті және қызықтырған сұрақтарын қойды.
Биылғы жылы бұл үшінші жұмыс орындары жәрмеңкесі. Бұған дейін С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде және «Барыс Аренасы» ғимаратында жұмыссыздарға арналған ірі қалалық жәрмеңке өтті. Ал бүгін Esil University-де 3-4 курс студенттеріне арналған жәрмеңке болды.
Астана қаласы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Назгүл Ахметжанованың деректері бойынша, бүгінгі күні астанада орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттері мен жергілікті атқарушы органдарда шамамен 300 бос орын бар.
«Астанада жергілікті атқарушы органдарда 70-тен астам бос орын бар, олардың 50-ден астамы – ең төменгі атқарушы лауазымдар. Жас адамдарды осы бос орындарға жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар», – деп атап өтті Назгүл Ахметжанова.
Астанада жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті