Астанадағы «Esil University» оқу орнының қабырғасында жастар үшін жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жылына екі рет өткізілетін бұл іс-шараны бірлесіп ұйымдастыруды Астананың Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, «Астана жастары» жастар ресурс орталығы және қалалық Еңбек мобильділігі орталығы қолдады, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.
Жәрмеңкеге қалының 50 жұмыс берушісі, жұмыс іздеген 800-ден астам азамат, жоғары оқу орындарының түлектері мен астана жастары қатысты.
Жұмыс ярмаркасының негізгі мақсаты — жұмыссыз азаматтарды, білім беру ұйымдарының түлектерін және жастарды жұмысқа орналастыруға жұмыс беруші мен іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы жәрдемдесу.
«Астана жастары» Жастар ресурстық орталығының NEET санатындағы жастармен жұмыс бөлімінің басшысы Сұлтан Өміргалиев мұндай іс-шараларды өткізудің жастарды қолдау саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы адами капиталды дамыту мен жастарға қолдау көрсетудің еліміздің ең маңызды басымдық бағыты екенін атап өтті. Биыл біз үшінші жәрмеңкені өткізіп жатырмыз. Бұрын С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде және «Барыс Арена» ғимаратында жұмыссыздарға арналған ірі қалалық жәрмеңке ұйымдастырылды. Ал бүгін осы оқу орнында 3-4 курс студенттеріне арналған жәрмеңке өткізіліп жатыр», — деді ол.
Астана қаласы бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Департаментінің Мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Назгүл Ахметжанованың айтуынша, бүгінгі күні астанада орталық атқарушы органдардың аумақтық департаменттері мен жергілікті атқарушы органдарда шамамен 300 бос орын бар.
«Астанада жергілікті атқарушы органдарда 70-тен астам бос орын бар, оның 50-ден астамы — ең төменгі атқарушы лауазымдар. Жас адамдарды осы бос орындарға жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар. Өйткені бұл қызмет үшін еш жұмыс өтілі талап етілмейді. Мемлекеттік қызмет — алуан түрлі сала. Сондықтан кез келген маманның жұмысқа орналасуға үлкен мүмкіндіктері бар. Ең бастысы, барлығы заңнаманы білу тестінен өтуі керек. 2023 жылдан бастап мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасу үшін іріктеу кезеңдерін цифрландыру мақсатында, яғни адам факторын азайту үшін www.eqyzmet.gov.kz порталы жасалды, оған 68 мемлекеттік орган кірді. Барлық емтихандар осы портал арқылы өтеді», — деп түсіндірді Н. Ахметжанова.
Жұмыс берушілер қатарында қалалық мекемелер, «ҰК «ҚТЖ» АҚ», «Қазпошта» және екінші деңгейлі банктер бар. Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз компанияларындағы бос орындарды таныстырды, өздеріне сәйкес үміткерлердің базасын қалыптастыру мүмкіндігіне ие болды. Іздеушілер компаниялардың HR-менеджерлерімен тікелей сөйлесіп, сұхбаттан өтті және қызықтырған сұрақтарын қойды.
Астанада кезекті жұмыс бастары жәрмеңкесі өтті: оған 50 жұмыс беруші қатысты: Астана қаласы, 2025 жылғы 25 сәуір — gurk.kz сайтындағы жаңалықтар.