Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының магистранттары Esil University заң кафедрасының 2-курс студенттерінің қатысуымен ашық сабақ өткізді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты білім алушылардың теориялық білімдерін практикамен ұштастыру, құқық қолдану дағдыларын дамыту, сондай-ақ сот ісін жүргізу тәртібін практикада меңгеру болды. Ашық сабақ заманауи білім беру талаптарына сәйкес интерактивті форматта ұйымдастырылды және азаматтық және қылмыстық іс жүргізудің үлгі сот процесі (mock trial) түрінде өтті.
Азаматтық іс жүргізу шеңберінде неке бұзу (ажырасу) тәртібі қарастырылды, соның ішінде талап арыз беру рәсімі, сот талқылауының ерекшеліктері, тараптардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ сот шешімін шығару тәртібі тәжірибелік форматта көрсетілді.
Қылмыстық процесс аясында дропперлік (банктік шоттарды заңсыз пайдалану) өзекті тақырыбы қарастырылды, бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы, дәлелдеу процесі, қылмыстық жауаптылық мәселелері, сондай-ақ практикалық инсценировка түрінде ұсынылған құқық қорғау органдарының іс-қимылдары ашып көрсетілді. Іс-шара оқушылардың құқықтық мәдениетін арттыруға, кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға және құқық қорғау қызметінің практикалық аспектілерін тереңірек меңгеруге бағытталды.