Негізгі мазмұнға өту
Бөлісу:fintg

Сталкингтің алдын алу және жеке шекараларды қорғау

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Б-Тур 25/1 К (1, 2, 3, 4) топтары үшін «Сталкингтің алдын алу және жеке шекараларды қорғау» тақырыбында кураторлық сағат ұйымдастырылды. Іс-шара барысында студенттерге қазіргі қоғамда кең таралған қудалаудың түрлері, оның алдын алу жолдары және жеке шекараларды қорғаудың маңыздылығы түсіндірілді.

Кездесу барысында «сталкинг» ұғымына толығырақ тоқталынды. Қудалау — адамның келісімінсіз оны үнемі қадағалау, артынан жүру немесе психологиялық қысым жасау. Мұндай жағдайлар тек офлайн ортада ғана емес, әлеуметтік желілерде де кең таралған. Жастар арасындағы киберсталкинг мәселесі ерекше өзекті болып отыр.

Сталкингтің алдын алу және жеке шекараларды қорғау

Студенттерге жеке шекаралар ұғымы егжей-тегжейлі түсіндірілді. Жеке шекаралар — бұл адамның жеке кеңістігі, уақыты, сезімдері мен таңдауы. Әрбір адамның «жоқ» деп айтуға және өз қауіпсіздігін қорғауға толық құқығы бар екені атап өтілді. Қарым-қатынастағы өзара сыйластық пен келісімнің маңыздылығы атап өтілді.

Іс-шара барысында қудалаудың психологиялық салдары да талқыланды. Тұрақты мазасыздық пен қысым адамның эмоциялық жағдайына кері ықпал етіп, қорқыныш, стресс және өзіне деген сенімсіздік сезімін тудыруы мүмкін екені түсіндірілді.

Бұдан басқа, қауіпсіздік шаралары бойынша нақты ұсынымдар берілді. Онлайн-кеңістікте жеке беттердің құпиялылық параметрлерін күшейту қажеттігі, бейтаныс адамдармен жеке ақпарат бөліспеу, күмәнді хабарламаларды елемеу керектігі айтылды. Қауіпті жағдай туындаған кезде жақын адамдарға немесе тиісті органдарға жүгіну маңызды екендігі ескертілді. Құқықтық тұрғыдан азаматтардың жеке өміріне қол сұғушылық заң алдында жауапкершілікке алып келетіні туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Кураторлық сағат ашық пікір алмасу форматында өтті. Студенттер өз ойларын білдірді, сұрақтар қойды, өмірлік жағдайларды талқылады. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға және қауіпсіз орта жасауға ықпал етеді.

ЖаңалықтарғаКелесі жаңалық