Б-Ст-24/1 Р және Б-Ст-24/1 Қ топтарының студенттері үшін «Ресми статистиканы қалыптастыру процесі» тақырыбында қонақ дәріс өтті. Дәрісті статистикалық ақпарат пайдаланушылармен жұмыс басқармасының басшысы Арғынбаев Уалихан жүргізді.
Дәріс барысында спикер мемлекеттік статистика жүйесі, оның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын басқарудағы рөлі, сондай-ақ басқарушылық шешімдер қабылдау үшін сенімді статистикалық деректердің маңызы туралы егжей-тегжейлі баяндады. Ресми статистиканы қалыптастырудың негізгі кезеңдері қарастырылды: бастапқы деректерді жинау, оларды өңдеу, талдау және кейіннен жариялау.
Ақпарат жинаудың заманауи әдістеріне, оның ішінде статистикалық процестерді цифрландыруға, ақпараттық жүйелер мен онлайн-платформаларды пайдалануға ерекше назар аударылды. Дәрісші сондай-ақ статистикалық деректермен жұмыс кезінде құпиялылық және объективтілік принциптерін сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Студенттер статистика органдары қызметінің практикалық аспектілерімен танысты, респондентермен және статистикалық ақпарат пайдаланушыларымен өзара іс-қимыл туралы, сондай-ақ алынған білімді болашақ кәсіби қызметте қолдану мүмкіндіктері туралы білді.
Дәрістің соңында сұрақ-жауап сессиясы өтті, оның барысында студенттер өздерін қызықтыратын сұрақтарды қойып, маманнан толық жауаптар алды.